Жарыс жолына Астана, Петропавл, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және Алматы өңірлерінен келген 32 команда шықты. Өкінішке қарай ресейлік экипаж техникалық себептерге байланысты аталған додаға түсе алмады. Аталған спорттық шараның өтуіне Рамил Набиулин жетекшілік ететін «Көкшетау Автоспорты» қоғамдастығы мұрындық болды. Набиулиннің сөзіне қарағанда, мұндай шараны өткізуге Ақмола денешынықтыру және спорт басқармасы мен осындағы «Запчасти №1» сервистік базасы белсенді қолдау көрсетіпті.
Темір тұлпар мініп, желмен жарысып жұрттың делебесін қоздыру екінің бірінің қолынан келе бермес шаруа. Әсіресе қар мен мұздың үстінде автокөлік жүргізудің өзіндік машақаттары тағы бар. Мәселен, күрделі саналатын 60 шақырымдық қашықтықты бағындыру техниканы ғана емес, сонымен бірге рульде отырған жүргізушінің де темірдей мінезіне салмақ салатыны айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыдан келгенде әрбір экипаж кәсіби сапалық деңгейін дәлелдеп, мықтылық пен жеңіске деген құлшынысын көрсете білді. Нәтижесінде, Астананың «Пегас» командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынға «Көкшетау WINKOD» командасы қол жеткізсе, үшінші орынды павлодарлықтар иеленді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы